Атыраудағы атышулы қанды қылмыс бойынша сот отырысы басталды

Сурет: Zakon.kz
2026 жылғы 18 мамырда Атырау қаласында Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше мүшесін өлтіру дерегіне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасы қазасына қатысты іс бойынша сот басталды

Айыпталушы орындығында – жалғыз күдікті, қаза тапқандардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев.

Сот процесі Атырау облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Іс "екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бабы бойынша тергелуде. Сонымен қатар, бөлек өндірісте Қылмыстық кодекстің 188 және 190-баптары – ұрлық пен алаяқтық бойынша эпизодтар қарастырылып отыр.

Тергеу мәліметінше, қаза тапқан отбасыға тиесілі малды сату және олардың банктік карталарынан ақша жымқыру деректері де іске тіркелген.

Сот процесін судья Зарема Хамидуллина жүргізіп жатыр. Ол бұған дейін де бірнеше резонансты істерді, соның ішінде Яна Легкодимова ісін, мұнай компаниясы менеджерінің өліміне қатысты істі және Құлсары қаласындағы педофилге қатысты қылмыстық істі қараған.

Сот залында екі жақтың да туыстары қатысуда. Жәбірленушілердің мүддесін Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Әдемі Шалғамбетова және Нәсіп Өтешқалиеваның бауыры Тілекқабыл Өтешқалиев қорғап отыр.

Айыпталушыға оның құқықтары түсіндірілді. Алғашқы сот отырысында тек іс материалдарымен танысу жүргізілетіні хабарланды. Бүгін куәгерлерден жауап алынбайды және үкім де шығарылмайды.

Іс 13 томнан тұратыны белгілі болды. Бұл ретте, сот процесі бір-екі күнде аяқталмайтыны ескертілді. Сот залында қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Бұған дейін прокуратура сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және өз әрекетінің салдарын түсіне алатындығын атап өткен болатын.

Еске салсақ, жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасы туралы туыстары полицияға тек екі айдан кейін хабарлаған. Ресми іздестіру шаралары 2025 жылғы 25 желтоқсанда басталды. 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының денесі Жангелдин ауылындағы өз сарайынан табылды.

Қылмыс жасады деген күдікпен Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиевке хлықаралық іздеуге жарияланды. 13 қаңтарда күдіктімен бірге оның жұбайы – қаза тапқан отбасының кенже қызы, 30 жастағы Ақбаян Мұқанғалиева да іздеу салынды. Әйелдің іс бойынша хабар-ошарсыз кеткен тұлға ретінде қарастырылып отырғаны нақтыланды.

24 ақпанда ІІМ өкілдері Индонезияда Атырау облысындағы отбасы өліміне күдікті қазақстандықтың ұсталғанын мәлімдеді. Ал 25 ақпанда қаза тапқандардың қызы да күдікті деп танылғаны белгілі болды.

9 наурызда Индонезия аумағында ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілді. Тергеу барысында Сәрсемәлиев қаза тапқан ерлі-зайыптының балалары – Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындады. Балалардың денесі Атырау маңындағы Геолог ықшамауданында, күдікті жұбайымен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан табылған.

Атырау
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі