Министрдің сөзінше, Ішкі істер министрлігі туристердің Қазақстанға келуі мен елде болуына қатысты рәсімдерді жеңілдетіп жатыр.
"Қазіргі уақытта 105 елдің азаматтары Қазақстанға елшілікке жүгінбей-ақ электрондық виза (e-Visa) арқылы кіре алады. Сонымен қатар IT-мамандарға арналған Digital Nomad Visa және туристерге арналған Neo Nomad Visa визаларын беру ұйымдастырылған. Шетелдік қонақтың келуі туралы қабылдаушы тарап онлайн форматта хабарлама жолдай алады. Әуежайлар мен ірі шекаралық өткізу бекеттерінде QR-коды бар туристік карталар таратылады. Онда елде болу ережелері, шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлері және байланыс операторлары туралы қажетті ақпарат орналастырылған", – деді министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі кезде QazETA мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр.
"Бұл қосымша арқылы шетел азаматтары көші-қонға қатысты көптеген қызметтерді пайдалана алады. Соның ішінде Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеу де бар. Қазір осыған қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулер Парламенттің қарауында жатыр", – деп түсіндірді ІІМ басшысы.
Бұған дейін Қазақстанда қылмыстық топ құрып, есірткі бизнесімен айналысқан шетелдіктерге үкім шыққанын жазғанбыз.