Ведомствоның еске салуынша, 2026 жылғы 17 наурызда Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялаған болатын.
Осыған байланысты Сенат "Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін ілеспе заңдарды мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес әкімшілік рақымшылық Қазақстан Республикасы азаматтарын, дара кәсіпкерлерді, жекеше нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттарды және заң консультанттарын айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан босатуды көздейді.
Бұл ретте рақымшылық заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға, қандастарға, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
Сонымен қатар рақымшылық сот тағайындаған әкімшілік жазаларға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын істер бойынша рақымшылық Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің мынадай баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды:
- ӘҚБтК-нің 275-бабы, салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру;
- ӘҚБтК-нің 277-бабы, салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтару;
- ӘҚБтК-нің 278-бабы, салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомаларын төмендету.
Аталған құқық бұзушылықтар құрамын рақымшылық жасаудан алып тастау олардың салық салу объектілерін жасырумен және салықтық міндеттемелерді орындаудан жалтарумен байланысты болуына, сондай-ақ мемлекеттің экономикасына елеулі залал келтіруіне негізделген.
Қазақстан Республикасының Үкіметі микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шартты түрде "таза парақ" тетігін іске асырғанын атап өту қажет.
Бұл тетік 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық берешегінің негізгі сомасы толық өтелген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды көздейді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 13 ақпандағы бұйрығымен тиісті Қағидалар бекітілді.
Осы тетікті іске асыру нәтижесінде ӘҚБтК-нің 278-бабының бірінші бөлігі және 275-бабының бесінші бөлігі бойынша микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салынған айыппұлдар мен есептелген өсімпұлдар есептен шығарылды.
2026 жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі салық берешегін 13 млрд теңге сомасына өтеген 19 мың микро және шағын бизнес субъектісіне 4,4 млрд теңге мөлшеріндегі өсімпұлдар және 4,9 млрд теңге мөлшеріндегі айыппұлдар есептен шығарылды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің алдын ала есептеулеріне сәйкес, қаралып жатқан Заң жобасын ескере отырып, әкімшілік рақымшылық жалпы сомасы 298,4 млн теңгені құрайтын 2 370 адамға қатысты, оның ішінде жалпы сомасы 72,7 млн теңгені құрайтын 448 жеке тұлғаға және жалпы сомасы 225,6 млн теңгені құрайтын 1 930 жеке кәсіпкерге қатысты қолданылуы мүмкін.
Түпкілікті көрсеткіштер Заң қабылданып, ресми түрде қолданысқа енгізілгеннен кейін айқындалатын болады.