Президенттің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін жаңа көзқарас пен жаңа ұстаным қажет, ал бұрынғы жұмыс тәсілдері қазіргі жағдайда тиімді болмайды.
"Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуалдың күрделеніп бара жатқанына қарамастан, Қазақстанның тұрақты даму бағытын сақтап келе жатқанын атап өтті.
Президенттің мәліметінше, өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі Қазақстан тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың доллардан асып, 2019 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артқан.
"Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы инфляцияның төмендеу үрдісі байқалғанымен, оны одан әрі азайту қажет екенін айтты.
"Инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты екенін, ұлттық валютаның сыртқы қауіп-қатерлерге төтеп беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Парламенттің Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп атқарған жұмысына оң баға беріп, қазіргі таңда негізгі пайыздық мөлшерлеме мәселесін жан-жақты әрі байыппен қарастыру қажеттігін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қабылданған Бюджет және Салық кодекстері елдің экономикалық жүйесін түбегейлі жаңғыртып, мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа қағидаттарын қалыптастырды.
"Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.