Президенттің айтуынша, "AMANAT" партиясының депутаттық фракциясы мен мүшелері елдегі реформаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып, азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
"Бүгін мен "AMANAT" партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жуырда өткен съезінде қабылданған "ӘДІЛЕТ" партиясымен бірігу туралы стратегиялық шешімді қолдайтынын мәлімдеді.
"Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде "ӘДІЛЕТ" партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын", – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, елдегі барлық жасампаз саяси күштердің ортақ құндылықтар мен ұлттық мақсаттар төңірегіне топтасуы жүргізіліп жатқан реформаларға жаңа серпін береді.
"Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның дамуы әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін айтып, ел бірлігі мен тәуелсіздігін нығайтуға үндеді.
"Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы", – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін "Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!" деген тілекпен түйіндеді.