Атырау облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 63 жастағы қала тұрғынын кінәлі деп таныды. Ол № Ж. Қаражігітова атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі болған 58 жастағы жұбайын өлтірген.
Сот анықтағандай, ерлі-зайыптылардың арасында ұзақ уақыт бойы қызғаныш пен өзара сенімсіздікке байланысты жанжалдар болып келген. Ер адам әйелін негізсіз қызғанып, пәтерге бейнекамера орнатқан және оның жүрген жерін мобильді қосымша арқылы бақылап отырған.
Қайғылы оқиға болған күні олардың арасында тағы да жанжал шыққан. Ұрыстан кейін әйел 12 жастағы қызымен бірге ұйықтауға жатқан.
Түнгі сағат екілер шамасында сотталушы асүйден пышақ алып, бөлмеге кіріп, жұбайына бірнеше рет пышақ сұққан. Қызы әкесінен тоқтауын жалынып сұрағанына қарамастан, ол әйеліне, соның ішінде іш тұсына да соққы жасауды жалғастырған.
Жәбірленуші алған 11 пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Сот барысында кәмелетке толмаған қызы болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, шабуылдан кейін әкесі "бәрі бітті, жылама" деген. Кейін қолы мен пышақтағы қанды жуып, киімін ауыстырып, душ қабылдаған. Тек қызының өтінішінен кейін ғана әйелінің қайтыс болғанын біле тұра полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Сотта марқұмның көршісі де жауап берді. Оның айтуынша, мұғалім әйел күйеуінің үнемі қорқытып-үркітетінін бірнеше рет айтқан. Тіпті өміріне қауіп төнеді деп қауіптеніп, бір жағдайда қайғылы жағдай бола қалса деген оймен пәтерінің кілтін көршісіне табыстаған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, қызғаныш пен өкпенің ешқашан жақсылыққа апармайтынын айтты.
Сот ер адамды аса қатыгездікпен адам өлтіру бабымен кінәлі деп таныды. Себебі қылмыс кәмелетке толмаған қызының көзінше жасалып, ол өз анасының қаза болуына куә болған.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының егде жаста екенін, зейнеткер мәртебесін, денсаулық жағдайын, кінәсін толық мойындап, шын өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Сонымен қатар сот қылмыстың ауырлығын, оның қоғамдық қауіптілігін және адам өлтірудің кәмелетке толмаған қызының көз алдында жасалғанын назарға алып, ер адамды 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Еске салайық, бұл қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні болған еді.