Қарағандыда цифрлық реанимация іске қосылды

Қарағандыда цифрлық реанимация іске қосылды, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2026 16:48 Сурет: Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Қарағанды облысында реанимация бөлімшелері цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Енді медициналық жабдықтар пациенттердің жағдайы туралы деректерді бірыңғай ақпараттық жүйеге автоматты түрде жібереді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Дәрігерлер науқастардың өмірлік маңызды көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылап, қауіпті өзгерістерді дер кезінде байқай алады. Пилоттық жоба Қарағандыдағы №2 перинаталдық орталықта іске қосылды.

Бұл жүйе әсіресе шала туған нәрестелерді күтіп-баптайтын бөлімше үшін маңызды. Өйткені олардың жағдайы өте жылдам өзгеруі мүмкін. Сондықтан өмірлік маңызды көрсеткіштерді үздіксіз бақылаудың маңызы зор.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің түсіндіруінше, цифрлық реанимацияның басты ерекшелігі – медициналық деректерді автоматты түрде жинау.

"Реанимациядағы әрбір орын датчиктері бар жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар жүрек соғу жиілігін, қандағы оттегі деңгейін, тыныс алу жиілігін және басқа да көрсеткіштерді тіркейді. Бұрын медицина қызметкерлері бұл деректерді құрылғылардан өздері қарап, құжаттарға енгізетін. Енді ақпарат жүйеге автоматты түрде түседі", – деді Константин Ильницкий.

Электронды жүйеде әр пациенттің жағдайын бақылау тарихы қалыптасады. Дәрігерлер науқастың қазіргі көрсеткіштерін ғана емес, белгілі бір уақыт аралығында оның жағдайы қалай өзгергенін де көре алады.

Сонымен қатар технология көрсеткіштердің динамикасын талдап, науқас жағдайының ықтимал нашарлауын болжауға мүмкіндік береді. Бұл медицина қызметкерлеріне қауіпті өзгерістерді дер кезінде байқап, қажетті шараларды қабылдауға көмектеседі. Дегенмен жүйе дәрігерді алмастырмайды. Медициналық шешімдердің барлығын бұрынғыдай мамандар қабылдайды.

Әзірге цифрлық реанимация Қарағандыдағы №2 перинаталдық орталықта сынақтан өтіп жатыр. Алдағы уақытта жобаны облыстағы тағы 14 медициналық ұйымға енгізу жоспарланған. Жалпы, цифрлық жүйемен 179 реанимациялық орынды жабдықтау көзделіп отыр.

Олардың қатарында облыстық клиникалық аурухана, Кардиологиялық орталық, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран және Приозерск қалаларындағы көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ аудандық ауруханалар бар.

Облыс әкімдігінде өткен цифрландыру мәселелеріне арналған кеңесте өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев:

"Цифрлық технологиялар адамдарға нақты пайда әкелуі керек. Медицина саласында бұл, ең алдымен, пациенттердің жағдайы туралы ақпаратты жедел алу, дәрігерлерге уақтылы шешім қабылдауға көмектесу және медициналық көмектің сапасын арттыру мүмкіндігі", – деп атап өтті.

Цифрлық реанимацияны енгізу медицина қызметкерлеріне құжат толтыруға кететін уақытты қысқартып, пациенттерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Ал үздіксіз мониторинг науқастардың жағдайындағы өзгерістерді тәулік бойы бақылауға жағдай жасайды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: