Қазақстанда қоныс аударғысы келетіндерге арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды
Фото: pexels
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 9 шілдеден бастап migration.enbek.kz порталында ерікті түрде қоныс аударуды жоспарлаған азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды.
Платформа қоныстандыру өңірлеріндегі қабылдау шарттарымен танысуға, сондай-ақ ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін сұранысқа ие мамандықтардың өзекті тізімін көруге мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, пайдаланушылар өздерін қызықтыратын облысты таңдап, сол өңірдегі бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайлары және бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын өзге де мүмкіндіктер туралы ақпарат ала алады.
Порталда сұранысқа ие мамандықтар тізіміне ерекше назар аударылған. Бұл азаматтарға қоныс аудармас бұрын еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі.
Қазіргі таңда ең сұранысқа ие мамандықтар:
- медицина саласы – дәрігерлер, мейіргерлер және басқа да медицина қызметкерлері;
- білім беру саласы – мұғалімдер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері;
- инженерлік-техникалық мамандар;
- ауыл шаруашылығы саласы – агрономдар, ветеринарлар және бейінді мамандар;
- көлік саласы – механизаторлар, тракторшылар және жүргізушілер;
- жұмысшы мамандықтары – электр монтерлері, электриктер, дәнекерлеушілер, токарьлар;
- құрылыс саласы – тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар және әрлеушілер;
- басқару және әлеуметтік сала – бухгалтерлер, экономистер, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары.
Министрліктің айтуынша, бұл тізім өңірлік еңбек нарығының сұранысына қарай үнемі жаңартылып отырады. Соның арқасында азаматтар өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалап, кәсіби дағдыларына сұраныс жоғары өңірді таңдай алады.
Сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алуға болатын байланыс деректері туралы мәліметтер де орналастырылған. Бұл қоныс аударуды жоспарлау процесін барынша ашық әрі ыңғайлы етеді.
Еске салайық, Үкімет 2026 жылға арналған ерікті қоныс аудару өңірлері ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарын бекіткен.