Синоптиктердің мәліметінше, дүйсенбі күні республика аумағы арқылы атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады.
"Елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік пен шығыста екпінді жел соғып, дауыл тұрады. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде қатты жаңбыр күтіледі. Ал республиканың оңтүстік-батысы мен солтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК.
Сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірінде жел күшейеді. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-батысында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында және Ұлытау облысында күндіз аптап ыстық болып, ауа температурасы +35…+40°C-қа дейін көтеріледі.
Түркістан облысында, Атырау облысының батысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында және оңтүстік-шығысында, Қызылорда облысының шығысында, Жамбыл облысының батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ Ұлытау облысының орталығында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.
Ал Жетісу облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында, Абай облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстік-шығысында, Қызылорда облысының орталығында, Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында және оңтүстік-шығысында, Атырау облысының оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстігінде, Ақмола облысының шығысында, Павлодар облысының оңтүстік-шығысында, Қарағанды облысының батысында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі.