Бұл туралы 2026 жылғы 3 тамызда Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Алаяқтар танымал онлайн сауда алаңдарында жалған хабарландырулар орналастырады. Олар әртүрлі тауарларды — тұрмыстық техника, телефон, жиһаз немесе басқа да заттарды сататынын айтып, шынайы сатып алушылармен байланысқа шығады".
Ведомство мәліметінше, келісім жасалғаннан кейін алаяқтар сенімге кіру үшін:
- "зат дайын тұр";
- "курьер алып кетуге келеді";
- "төлемді қазір аударсаңыз, жеткізу ұйымдастырылады" деген сылтаулар айтады.
Алайда, полицейлер бұл алаяқтық схема болуы мүмкін екенін ескертеді.
"Қазіргі уақытта алаяқтар жасанды интеллект көмегімен жалған фотосуреттер, құжаттар немесе "дәлел ретінде" ұсынылатын бейнелерді жасап, азаматтарды адастыруда. Мысалы, олар тауардың бар екенін көрсету үшін өңделген суреттерді жіберіп, курьердің келгенін немесе заттың дайын тұрғанын растайтын жалған материалдар ұсынуы мүмкін". Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда басты мақсат - азаматты асықтырып, тауарды көрмей тұрып алдын ала ақша аудартуға мәжбүрлеу.
Осыған байланысты Абай облысы Полиция департаменті ескертеді:
- Интернет арқылы сауда жасағанда бейтаныс адамдарға толық сенім артпаңыз.
- Тауарды көзбен көрмей, тек суретке қарап немесе бейне арқылы расталған ақпаратқа сүйеніп, алдын ала төлем жасамаңыз.
- Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, жеке мәліметтерді ешкімге бермеңіз.
- Сатушының немесе сатып алушының парақшасын, байланыс нөмірін мұқият тексеріңіз.
- Бағасы тым төмен, асықтыратын немесе "қазір шешім қабылдаңыз" деп қысым көрсететін ұсыныстарға сақ болыңыз.
"Есте сақтаңыз: алаяқтар адамның сенімін пайдаланады, ал жасанды интеллект олардың алдау әдістерін күрделендіре түсуде. Технология дамыған сайын сақтық пен ақпараттық сауаттылықтың маңызы арта береді",- деп түсіндірді полицейлер.
Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекетке тап болсаңыз, уақыт жоғалтпай полицияға хабарласыңыз.