Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды басқару шетелдік инвесторларға тапсырылуы мүмкін
Фото: primeminister.kz
Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жұмыс тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл туралы 2026 жылғы 23 қарашада Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір елде инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында құрылған 19 арнайы экономикалық аймақ пен 69 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Осы аймақтарда 900-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Оларға 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған.
"Кәсіпорындар 22,3 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 1 трлн теңгеден астам салық төледі. Дегенмен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысында шешімін күткен мәселелер бар. АЭА жұмысының үш негізгі бағытты қамтитын жаңа моделі әзірленді. Біріншісі – инфрақұрылымды алдын ала дайындау. Қажетті инженерлік және өндірістік инфрақұрылым инвестор келгенге дейін дайын болуы тиіс. Осы мақсатқа Ислам даму банкінен 1,3 млрд доллар тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр", – деді министр.
Басқару жүйесін де өзгерту жоспарланып отыр.
"Арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілдері қайта қаралып жатыр. Атап айтқанда, оларды басқаруды жеке инвесторларға, соның ішінде шетелдік инвесторларға тапсыру көзделген. Басқарушы компаниялар аймақтарды дамытуға толыққанды жауапты болуы тиіс. Олар инвесторларды белсенді түрде тартып, жобаларды іске асыруға қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуі керек. Жобаларды іріктеу сапасын да арттырамыз. Ол үшін нарықтағы сұраныс пен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ескере отырып, өндірістік қуаттардың теңгерімін бағалаймыз. Бұл қуаттардың шамадан тыс артуы және бірін-бірі қайталайтын өндіріс орындарының ашылу қаупін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, арнайы экономикалық аймақтар жаңа жұмыс тәртібіне көшеді", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Бұған дейін министр ел экономикасында қандай құрылымдық өзгерістер болып жатқанын айтқан еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript