"Ирбис ТВ" телеарнасының 2026 жылғы 6 тамыздағы мәліметінше, іс бойынша жәбірленушілердің барлығы – әйел. Олардың оқиғалары бір-біріне ұқсас.
Олар жиһаз фабрикасын Instagram арқылы тауып, шеберді үйіне шақырып, өлшем жасатқан. Кейін тапсырыс құнының 70%-ын алдын ала төлеп, жиһазды күтетін. Алайда сот залына келген тапсырыс берушілердің ешқайсысы дайын жиһазын ала алмаған.
"Бәріне сендік, өйткені парақшасы танымал еді – 16 мың жазылушысы болды. Алдануымыз мүмкін екенін ештеңе аңғартқан жоқ. Қазір бәріміз интернет арқылы тапсырыс беруге үйреніп қалдық. Тапсырыс бересің де, ұмытып кетесің. Сондықтан қырағылығымызды жоғалтқан шығармыз", – деді жәбірленуші Елизавета Бородихина.
Алданған тапсырыс берушілер 2025 жылдың соңына қарай дабыл қаққан. Тергеу нұсқасы бойынша, сол кезде жиһазшы жаңа клиенттерден ақша алуды жалғастырған. Ал тапсырыстарының орындалуын күткен адамдар полиция мен прокуратураның табалдырығын тоздырып, ер адамды заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Бірнеше айдан кейін, соның ішінде телеарнаның араласуынан кейін, іс алға жылжыған. Қазір сотта қылмыстық істі қарау басталды.
"Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты, яғни бөтеннің мүлкін алдау жолымен бірнеше рет иемдену арқылы жасалған алаяқтықты жасаған", – деді Павлодар қаласы прокуратурасының аға прокуроры Алия Каппаева.
Тергеу нұсқасы бойынша, келтірілген жалпы шығын көлемі 12 млн теңгеден асады. Іс бойынша 18 эпизод бар. Ал жәбірленушілердің көпшілігі жиһазды басқа компанияларға қайта тапсырыс беріп қойған. Енді олар сот арқылы жоғалтқан ақшасын қайтаруға үмітті.