2026 жылғы 20 тамызда ҚР Энергетика министрлігі генерациялайтын қуаттарды арттыру және қажетті электр энергиясы резервін қалыптастыру жоспарлары туралы мәлімдеді.
Олардың сөзінше, 2027 жылы 845 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланып отыр.
Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын бес газтурбиналық қондырғы; "МАЭК" ЖШС-де қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысы; "Басқұат Энергопром" ЖШС жобасының бірінші кезеңі — жалпы қуаты 34,7 МВт болатын бес газпоршеньді қондырғы; "Kazakhmys Energy" ЖШС-де қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылады, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
Олардың қатарында: Алматы облысында қуаты 100 МВт күн электр станциясы; Қызылорда облысында қуаты 70 МВт болатын үш күн электр станциясы; Ақтөбе облысында әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы; Қызылорда облысында қуаты 50 МВт жел электр станциясы; Түркістан облысында қуаты 50 МВт жел электр станциясы; Абай облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы бар.
Министрлік жаңа қуаттардың іске қосылуы 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді деп отыр.
Ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профициті қалыптасады деп күтілуде, деп мәлімдеді Энергитка министрлігінің өкілдері.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылады деп жоспарланған. Оның ішінде төрт газ электр станциясы, жұмыс істеп тұрған екі электр станциясын кеңейту және жаңартылатын энергия көздері бойынша 10 жаңа нысан бар.
Еске салайық, 2026 жылғы 14 тамызда Қазақстанда ауқымды блэкаут болып, сегіз облыста электр жарығы өшті. "KEGOC" АҚ мәліметінше, Токтоғұл ГЭС-інде жалпы қуаты 600 МВт болатын екі гидрогенератор ажыратылған. Соның салдарынан Солтүстік–Оңтүстік транзитіне қуаттың күрт түсуі болып, желі шамадан тыс жүктелген. Нәтижесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, Қазақстанның оңтүстік аймағы елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен және Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесінен ажырап қалған. Осының салдарынан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Қарағанды облысы, Ұлытау және Абай облыстарында тұтынушылар электр қуатынсыз қалған.