50 жастан асқан қазақстандықтар тұрақты жұмысты қалай таба алады

Биржа труда, рынок труда, карьерные центры, поиск работы, карьера, собеседование, работа, работники, сотрудники, наем, трудоустройство, прием на работу, профессия, профессии, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.08.2026 14:55 Фото: freepik
Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Елімізде жүзеге асырылып жатқан "Күміс жас" жобасы аясында жыл басынан бері 9,2 мың адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылғы 20 тамыздағы мәліметінше, жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Жобаға қатысушылардың жартысынан көбі – әйелдер (54,4%), ал 63,2%-ы ауылдық жерлерде тұрады.

"Жоба мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген 50 жастан асқан азаматтарға арналған. Оған қатысу мерзімі – 36 айға дейін. Осы уақыт аралығында мемлекет еңбекақының бір бөлігін субсидиялайды. Оның мөлшері айына 30 АЕК-тен аспайды және жыл сайын біртіндеп төмендейді: жұмыстың алғашқы жылында – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%", – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Жұмыс берушіге қойылатын басты талап – жоба аяқталғаннан кейін қатысушыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Зейнеткерлік жас алдындағы азаматтарға кемінде бір жылға, ал 58 жастан асқан адамдарға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны берілуге тиіс.

Абай облысының тұрғыны Қарлығаш Әбілғазина – жобаның тиімділігін көрсететін мысалдардың бірі. Ол "Күміс жас" жобасына үш жыл қатысып, жоғары кәсіби біліктілігін көрсеткеннен кейін "Тынышбаев" жеке кәсіпкерлігіне аспаз болып тұрақты жұмысқа орналасты.


"Бұл жоба арқылы мен жұмыс тауып қана қоймай, тұрақтылыққа қол жеткіздім әрі өзімнің әлі де қажет екенімді сезіндім. 50 жастан кейін жақсы жұмыс табу оңай емес. Осы тұрғыда "Күміс жас" жобасы маған үлкен қолдау болды. Үш жылдың ішінде өз мүмкіндігімді көрсете алдым. Қазір тұрақты жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Құрдастарыма айтарым: жаңа мүмкіндіктерді байқап көруден қорықпаңыздар! Бұл жаста да өмір мен еңбек жолы жалғаса береді", – деді Қарлығаш Әбілғазина.

Жобаның көптеген табысты мысалы кәсіби қызметті жалғастыруға жас кедергі емес екенін көрсетеді. Аға буынның тәжірибесі – еңбек нарығы үшін құнды ресурс.

Бұған дейін Zakon.kz Қазақстанда бос жұмыс орындары қай өңірлерде көп екенін және қандай мамандарға жоғары жалақы ұсынылатынын жазған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: