Журналистер министр орынбасарынан қандай суретті өнер, ал қайсысын вандализм деп кім анықтайтынын, сондай-ақ жаңа тыйымды бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылуы мүмкін екенін сұрады.
Игорь Лепеханың айтуынша, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қазірдің өзінде бар. Атап айтқанда, заңнамада вандализм, ұсақ бұзақылық, абаттандыру ережелерін бұзу және мүлікті бүлдіргені үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған.
"Яғни аялдамаларға, ғимараттарға әдейі бірдеңе жазып, сурет салу сияқты әрекеттер осы бапқа жатады. Сондай-ақ "абаттандыру ережелерін бұзу" деген бап бар. Мұның бәрі қазірдің өзінде қарастырылған", – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, жеке бап енгізу туралы ұсыныс осындай құқық бұзушылықтарды саралау кезінде туындайтын түрлі түсініспеушіліктерді жою қажеттілігіне байланысты.
"Граффити салғаны үшін қандай бап бойынша жауапқа тарту керегіне қатысты қайшылықтар мен түсініспеушіліктер болмауы үшін арнайы жеке бап енгізу ұсынылды", – деп түсіндірді Лепеха.
Сонымен қатар жаңа норманың нақты мазмұны, оны қолдану тәртібі және қандай жаза қарастырылатыны әзірге анықталған жоқ.
"Қазір бұл мәселені, ең алдымен, Әділет министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтаймыз. Құқық бұзушылық құрамы қандай болады, ол қалай қолданылады және қандай жауапкершілік қарастырылады – осының бәрін талқылаймыз. Бірақ бұл мәселе Құрылтайда да қаралатындықтан, қазір нақты айтуға әлі ерте", – деді ол.
Журналистер түзетулер қабылданғаннан кейін граффити салуға тек тиісті рұқсат алған жағдайда ғана мүмкіндік беріле ме деп сұрады. Лепеха рұқсатпен салынатын ғимараттардағы муралдарды мысалға келтірді.
"Мысалы, ғимараттардың қабырғаларында, бүйір жақтарында үлкен муралдарды көріп жүрміз. Олар әкімдік пен құрылыс жүргізушілердің келісімімен салынады. Сондықтан мұнда ешқандай мәселе жоқ. Ал егер мен қандай да бір қоршауды безендіру керек деп өз бетімше шешсем, қазіргі уақытта бұл кем дегенде ұсақ бұзақылық болып саналады", – деді ол.
Вице-министр қазірдің өзінде меншік иесінің рұқсатынсыз ғимараттар мен қоршауларға сурет салуға болмайтынын атап өтті.
"Шартты түрде айтсақ, біреу түнде келіп, сіздің үйіңізге бірдеңе салып кетсе, сізге бұл ұнайтыны екіталай", – деді Лепеха.
Бұл ретте жаңа норманың нақты қандай болатыны түзетулер әзірленіп, олар Құрылтайда қаралғаннан кейін ғана белгілі болады.
"Біз арнайы баптың мазмұнын әзірлеуге, оны талқылауға және Үкіметке енгізуге дайын екенімізді айттық. Оның қалай қолданылатыны Құрылтайда талқыланады. Екіншіден, әдетте кез келген заң қабылданғаннан кейін оны қолдану тәртібін айқындайтын алгоритмдер әзірленеді. Сондықтан асықпайық", – деп қорытындылады вице-министр.
2026 жылғы 19 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырған болатын.