Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобы мүшелерімен кездесті. Кездесуге әлемге әйгілі режиссер әрі киноактер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты.
Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ бірлескен киножобаларды одан әрі жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін паш ету үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Вице-президент ірі халықаралық киножобалардың Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін шыңдауға және халықаралық киноөндіріс үшін елімізді әлеуетті алаң ретінде танытуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту бағытына да ерекше назар аударылды. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының шешімімен жарияланған биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында елордада Astana AI Film Festival өткенін жеткізді. Оған әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім келіп түсті. Қатысушылардың ауқымы мен географиясы жағынан бұл фестиваль АІ-киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылды.
Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс айтып, жобаға қатысушылардың алдағы шығармашылық жұмысына табыс тіледі.