Химиялық күйік алып, тістерінен айырылған: Ақтөбелік әйел стоматологты қателік жасады деп айыптады

Сурет: magnific
Ақтөбеде 37 жастағы Гүлжанат Құлмурзина жеке стоматологиялық клиникадағы емнің ауыр зардаптарына шағымданды. Әйел ем қабылдағаннан кейін ауруханаға түсіп, бірнеше тісінен айырылған. Енді оған бірқатар ота жасалуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, науқас экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы ана болуға дайындалған. Процедура алдында тістерін емдетуді ұйғарып, жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген. Әйелдің айтуынша, тістерін емдеу және жұлу кезінде химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға жатқызылған.

Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенованың айтуынша, науқасқа медициналық көмекті орта медициналық білімі бар, "дантист" біліктілігін алған маман көрсеткен. Алайда қолданыстағы стандартқа сәйкес, медициналық көмектің осы деңгейінде қызметті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс.

Ақтөбелік әйелдің сөзінше, емнің зардабы әлі күнге дейін жойылмаған. Оның бірнеше тісі жоқ, жүйкелері зақымданған, беті қисайып кеткен. Енді Гүлжанатқа бірқатар ота жасалуы қажет.

Әйел клиниканың үстінен арыз жазған. Тексеру барысында науқасты орта медициналық білімі бар дантист емдегені анықталған. Ал мұндай көмекті тиісті деңгейде жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі керек болған. Сонымен қатар науқаста асқынған кариес болғаны белгілі болды.

Комиссия дантистке айыппұл салып, клиникаға оны жұмыстан шеттетуді міндеттеген. Алайда науқас үшін бұл ұзақ қалпына келу процесінің басы ғана.

Гүлжанат сотқа талап арыз берген. Бірақ оның айтуынша, жауапкерлер дауды бейбіт жолмен шешуге әрекет жасамай отыр.

"Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар келмеді, ешкім қатысқысы келмеді. Тіпті кешірім де сұрамады. Мен болашақта ЭКҰ арқылы жүкті болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКҰ-ға бара алмаймын. Балалы бола алмаймын", – деді Гүлжанат Құлмурзина.

Бұған дейін Қазақстанның оңтүстігінде дәрігерлер үш жылдан бері есте сақтау қабілетінен айырылған науқасты емдеп жатқаны хабарланған болатын.

Қазақстан
Ақтөбе

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үсік жүреді". Еліміз бойынша 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Тоқаев шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстан құрамасын құттықтады

Qazaqstan Media Awards аясында "Тұмар" және "Үркер" ұлттық байқауларына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін