"Диапазон" газетінің 2026 жылғы 13 қазанда жазуынша, кәсіпкер Ресейден бидай сатып алып, оны ауыр жүк көліктерімен Ақтөбе облысына тасымалдаған.
Тасымал шығынын азайту үшін көліктерге белгіленген нормадан артық жүк тиелген.
"Ал Қазақстан аумағында көліктік бақылау инспекциясының бас маманы оның әр жүк көлігінен 10 мың теңгеден пара алып отырған. Оның есесіне көліктердің нормативтерге сәйкестігі тексерілмеген. Осылайша, олар бекеттен кедергісіз өтіп, кәсіпкерге артық жүк үшін айыппұл төлеудің қажеті болмаған", – делінген хабарламада.
Бір кезде инспекция маманы пара сомасын 10 мыңнан 15 мың теңгеге көтерген. Ақыры кәсіпкер оның үстінен ҰҚК-ге арыз жазып, инспекция қызметкері ұсталған.
Кейін оған жалпы сомасы 170 мың теңге пара алды деген айып тағылып, ісі сотта қаралды. Ол кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыру жазасынан құтылған.
Сот оған 5 млн 950 мың теңге айыппұл салды. Бұл – алған пара сомасының 35 еселенген мөлшері.
2026 жылғы 2 қазанда ҰҚК "Семей орманындағы" сыбайлас жемқорлық схемасын әшкереледі. Тергеу мәліметінше, іс фигуранттары ағаштарды жаппай заңсыз кесіп, сатудың тұрақты схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.