Ыстық +37°C-қа жетіп, рекорд жаңарды: Қазақстанда қыркүйек әдеттегіден жылы болды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Метеорологтардың түсіндіруінше, ауа райының жылы болуына Иран мен Орта Азиядан жылы ауа массаларының жиі келуі ықпал еткен. Ал антициклондардың жиі өтуіне байланысты жауын-шашын аз жауған.
Дегенмен кей өңірлерде жағдай өзгеше болды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында, елдің солтүстік-батысы мен оңтүстік-батысындағы жекелеген аудандарда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан асты.
Қыркүйектің жекелеген күндерінде ел аумағының басым бөлігінде жаздағыдай ыстық болып, күндізгі ауа температурасы +27…+37°C-қа дейін көтерілді.
"Бірқатар метеорологиялық станцияда температуралық рекордтар тіркелді", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
10 қыркүйекте Ұлытау облысындағы Жезқазған метеостанциясында ауа температурасы +37°C-қа жетті. Бұған дейін дәл осы күнгі ең жоғары температура 2000 жылы тіркеліп, +33,8°C болған.
11 қыркүйекте Ақмола облысындағы Көкшетау метеостанциясында ауа температурасы +32,5°C-қа дейін көтерілді. Осылайша, 2007 жылы тіркелген +30,3°C көрсеткіші жаңарды.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Ақтау метеостанциясында ауа температурасы +34,2°C-қа жетіп, 2022 жылғы рекордтан (+30,1°C) асты.