Маусым айындағы аптап ыстық: Қазақстанда 70 жыл бұрынғы температуралық рекорд жаңарды
Фото: pixabay
Метеорологтардың жариялаған мәліметіне сәйкес, маусым айында ауа температурасы негізінен +30...+38°C аралығында болды. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде сынап бағаны +43°C-қа дейін көтерілді.
"Мұндай аптап ыстықтың қалыптасуына құрғақ тропиктік ауа массаларының ықпалы себеп болды",- деп мәлімдеді мамандар.
Ал Қазақстанның батысында, керісінше, ауа райы салқын әрі жауын-шашынды болды. Кей жерлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 2–5 есе артық түсті. Бұл өңірлердегі ауа райына белсенді Атлант циклондары әсер еткен.
Жоғары температураның әсерінен еліміздің бірнеше өңірінде көпжылдық температуралық рекордтар жаңарды.
Мәселен, 1 маусымда Алматыда ауа температурасы +34,5°C-қа жетіп, 1967 жылы тіркелген +34,4°C рекордын жаңартты. Сол күні Павлодарда сынап бағаны +36,8°C-ты көрсетіп, 1955 жылғы +36,1°C рекордынан асты. Ал 8 маусымда Астанада ауа температурасы +33,7°C-қа дейін көтеріліп, 2023 жылы тіркелген +33,6°C рекорды жаңарды.
29 маусымда еліміздің шығыс өңірлерінде де көпжылдық температуралық рекордтар жаңартылды:
- Семейде ауа температурасы +38°C-қа жетіп, 1992 жылғы +36,7°C көрсеткішінен асты;
- Өскеменде +36,7°C тіркеліп, 1974 жылғы +36°C рекорды жаңартылды.
Бұған дейін 16 шілдеде еліміздің бірқатар өңірлерінде дауылды ескерту жарияланғанын жазғанбыз.