Алматы облысында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру бойынша кездесулер өтті

Сурет: Алматы облысының әкімдігі
Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда жариялаған "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарды түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өтті.

Басқосулар Қонаев қаласында, Қаскелең қаласында және Іле ауданында ұйымдастырылып, оған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім беру және әлеуметтік салалардың мамандары, жастар мен жұртшылық қатысты.

Кездесулердің негізгі мақсаты – Президент Жолдауында айқындалған міндеттердің мазмұнын түсіндіру, олардың өңірлерді дамытудағы маңызын талқылау және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау.

Сурет: Алматы облысының әкімдігі

Өңірлік даму мен әлеуметтік басымдықтар

Қонаев қаласындағы кездесуді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев ашып, Мемлекет басшысының Жолдауы елдің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Ләззат Жылқыбаева мен Арман Жансенгіров әлеуметтік саясат, білім беру жүйесін жетілдіру және педагогтердің мәртебесін арттыру мәселелеріне тоқталды. Ләззат Жылқыбаева ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру бастамасының халық табысын өсіру мен әлеуметтік жағдайды жақсартудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін қолдау, білім беру және денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру мәселелеріне назар аударды.

Арман Жансенгіров өз сөзінде білім беру жүйесін жетілдіру, инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және педагогтердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ мұғалімдердің негізгі міндетіне кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жоюдың маңызын атап өтті.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Нұртөре Жүсіп пен Нұрсұлтан Орынбасаров Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттердің ел болашағы мен өңірлердің дамуындағы рөліне тоқталды. Нұртөре Жүсіп Алматы облысының ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтіп, Алатау қаласының дамуы өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.

Нұрсұлтан Орынбасаров экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру, "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандар салу, ауыл шаруашылығын қолдау және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар реформалардың нәтижелі жүзеге асуы үшін қоғамдық бірлік, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау және адал еңбекті дәріптеу маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қаржыландыру шаралары туралы айтып, Ұлттық қордан бөлінетін 1,5 триллион теңге заманауи мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға бағытталатынын жеткізді.

Инфрақұрылымдық жобалар және білім саласы

Ал Қаскелең қаласындағы кездесуде Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев энергетика саласын дамыту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы міндеттерге тоқталды. Спикер энергетикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуі мен саланы дамыту ел экономикасының орнықты өсуі үшін маңызды екенін атап өтті.

Кездесулерде білім беру саласындағы өзекті мәселелер де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, білікті мамандар тапшылығын азайту, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, мұғалімдердің жұмыс жағдайын жақсарту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қажетті қолдау көрсету мәселелері қозғалды. Сонымен қатар балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау және тиісті мамандармен қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға да назар аударылды. Ғани Майлыбаевтың мәліметінше, 2025 жылы Алматы облысында 14 250 оқушы орнына арналған 18 мектеп пайдалануға берілген. Биыл оқу жылы қарсаңында 4 200 орындық бес жаңа мектеп ашылып, тағы 10 мектеп күрделі жөндеуден өткен.

Денсаулық сақтау саласында 2025 жылы 43 нысан пайдалануға берілсе, оның 37-сі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында салынған. Бұдан бөлек, бес нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп, биыл екі денсаулық сақтау нысаны ашылған.

Тұрғындармен ашық диалог және өзекті сауалдар

Іле ауданында өткен кездесуде Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлі туралы айтылды. Кездесуде инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелерінің маңызын атап өтілді.

Басқосулар барысында экономиканы әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды қолдау және адами капиталды дамыту мәселелері де талқыланды. Қатысушылар Президент бастамаларын жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.

Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Жиында Қарасай ауданының тұрғындары Қырғауылды ауылындағы мектептің таршылық ететінін айтып, Қаскелеңдегі А.Пушкин орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы керегін тілге тиек етті. Сондай-ақ өңір тұрғындары Бекболат ауылындағы Мәдениет үйін жаңғырту, "Қарлығаш" шағынауданында ауызсу мәселесін көтерді. Ал Іле ауданында өткен кездесуде аймақ тұрғындары мектеп қызметкерлерінің еңбек жағдайы, жалақы мөлшері, әлеуметтік төлемдер, жаңа білім беру нысандарының құрылысы және педагогтердің кәсіби құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты сауалдар қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, Жолдауда белгіленген міндеттердің мазмұны мен алдағы жүзеге асу бағыттарын түсіндірді.

Жалпы, Алматы облысында өткен кездесулер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді халыққа жан-жақты түсіндіруге, өңірдің даму басымдықтарын талқылауға және тұрғындармен кері байланысты нығайтуға бағытталды. Жолдаудағы бастамаларды тиімді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдерінің және азаматтардың бірлескен жұмысына негізделетіні атап өтілді.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

3 қарашадағы Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы

Қазақстанда телеарналар мен радио хабар тарату уақытша тоқтайды

Дәурен Мұратбеков Жоғары Сот Кеңесіндегі қызметінен босатылды

Астанадағы екінші әуежайдың құрылысы қашан басталатыны белгілі болды

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын енді жаңа тәртіппен басқара алады