Оның айтуынша, 2024 жылдан бері жалпы құны шамамен 350 млрд теңге болатын 67 жоба мақұлданған. Оның ішінде 15 жоба іске асырылып, пайдалануға берілген.
"Іске асырылған 15 жоба аясында 131 қоқыс таситын көлік сатып алынды. Жылына 290 мың тонна қалдық сұрыптайтын үш нысан, сондай-ақ жылына 19,3 мың тонна шина мен макулатураны қайта өңдейтін үш нысан пайдалануға берілді. 500-ден астам жұмыс орны ашылды. Жоспарланған 67 жобаның барлығы іске асырылса, 178 арнайы техника сатып алынып, қалдықтарды сұрыптау қуаты жылына 2,3 млн тоннаға, ал қайта өңдеу қуаты 1,1 млн тоннаға артады", – деді Жомарт Әлиев.
Оның айтуынша, қолдау бағдарламасы кәсіпкерлік субъектілерінің үлкен қызығушылығын тудырған.
"Көріп отырғандарыңыздай, мақұлданған жобалардың жалпы құны қазіргі қаржыландыру көлемінен екі есе дерлік жоғары. Өңірлердің қоқыс таситын көліктер паркін жаңарту, жаңа сұрыптау желілері мен қайта өңдеу қуаттарын іске қосу қажеттілігін ескере отырып, жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемін 385 млрд теңгеге дейін ұлғайту, бағдарламаны 2030 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандық және ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға өз қаражатын қоспай-ақ бағдарламаға қатысуға рұқсат беру көзделген", – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, 2031 жылдан бастап қаржыландырудың револьверлік тәсілін енгізу жоспарланып отыр. Яғни қайтарылған қаражат жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Жомарт Әлиев қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыруға кәдеге жарату төлемдері есебінен 185 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Қаражат Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық 3 пайызбен, 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несие түрінде беріледі.
Қаржыландыру қоқыс таситын көліктер сатып алуға, қалдықтарды сұрыптау кешендері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға бағытталған.
Айта кетейік, 2026 жылғы 23 қазанда Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеудің жаңа әдістемесі қабылданғаны белгілі болды.