Оның айтуынша, өрттің басым бөлігі пештердің жөнделмеуінен, мұржалардың тазаланбауынан және электр сымдарының ескіріп, жарамсыз күйге түсуінен болады. Сондай-ақ кейбір жағдайларда электр желілері мен газбен жабдықтау көздеріне рұқсатсыз қосылу да апатты жағдайларға әкеледі.
"Сондықтан халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың үйлеріне ерекше назар аудару қажет. Мұндай үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы жиі кездеседі. Осыған байланысты аталған үйлерге өрт датчиктерін тегін орнату тапсырылған болатын. Алайда Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында бұл жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, бір апта ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың үйлері тізімін өзектендіруді тапсырамын", – деді Бектенов.
Сондай-ақ ол анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдай отырып, үйлерді қайта аралап шығуды тапсырды.
"Жалпы өрт датчиктерін орнату жұмысын жандандыру қажет. Өңір әкімдіктері тиісті қызметтерге қажетті қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың үйлеріне датчиктер сатып алу және орнату үшін қаражат қарастыруы керек", – деп толықтырды премьер-министр.
Бұған дейін Бектенов жылыту маусымының басталуына байланысты берген тапсырмалары кезінде өрт қауіпсіздігі мәселесінде азаматтардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өткен болатын.