Мамандардың айтуынша, 17 қарашаға дейін бір аптадан аз уақыт қалса да, әлеуметтік желілерде "цифрлық апокалипсис" туралы жалған ақпарат тарауын тоқтатқан жоқ. Бірі мұндай жазбаларды қаралым жинау үшін таратса, енді бірі үрейлі хабарламаларды "сақтық үшін" туыстарына жібереді.
Бәрі неден басталды?
Жалған ақпараттың алғашқы дереккөзі – X әлеуметтік желісіндегі Wesley лақап атымен тіркелген қолданушының жазбасы. Ол 1 қарашада португал тілінде жазба жариялап, ақпаратын даркнеттегі анонимді дереккөзге сүйеніп таратқан.
Көп ұзамай азаматтарды азық-түлік қорын жинауға шақырған елдер туралы екінші толқын пайда болды. Осылайша, екі бөлек ақпарат бір оқиға ретінде тарала бастады. Енді осы жалған мәліметтердің әрқайсысына қатысты нақты деректерге тоқталайық.
"Хакерлер банк шоттарындағы ақшаны жойып жібереді". Банктер клиенттердің шоттарындағы қалдықтарды бір пәрменмен жоюға болатын бірыңғай базада сақтамайды. Деректер әртүрлі деректер орталықтарында бірнеше рет көшіріліп сақталады. Сонымен қатар реттеуші органдар банктерден ақпаратты қалпына келтіру жоспарларының болуын талап етеді. Мұндай шабуыл туралы бірде-бір банк те, мемлекеттік орган да ескерту жасаған жоқ.
"Интернет үш айға өшіріледі". Интернет – бір-бірінен тәуелсіз көптеген желілерден тұратын таратылған жүйе. Сондықтан оны бір ғана хакерлік шабуыл арқылы өшіру мүмкін емес. Бразилиялық Boatos.org фактчекинг ресурсы бұл күні интернет пен байланыстың жаһандық деңгейде өшірілетіні туралы ресми болжамдар мен дәлелдер таппаған.
"Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған". Бұл мәліметтің бір бөлігі рас, алайда оның мәні мүлде басқа. 17 қарашада АҚШ-тың Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы төтенше жағдайлар туралы халыққа хабарлау жүйесін жалпыұлттық деңгейде тексереді. Бұл – радио мен теледидар арқылы берілетін бір минуттық сынақ сигналы. Ол ұялы телефондарға жіберілмейді.
"Мұны "Симпсондар" мультсериалы алдын ала болжаған". Вирустық жазбада 2023 жылы шыққан мультсериал эпизоды осы жаһандық жарықтың өшуімен байланыстырылған. Алайда онда 2026 жылғы қараша туралы ешқандай сөз жоқ.
"Шұғыл түрде азық-түлік пен су қорын жинау керек". Үйде төтенше жағдайларға арнап 72 сағатқа жететін азық-түлік пен су қорын сақтау туралы кеңес – кез келген төтенше жағдайға дайындықтың стандартты ұсынымы.
"Жалған ақпарат оған назар аударған кезде ғана өмір сүреді! Жалған жаңалық өздігінен таралмайды. Оны әрбір қайта жарияланған жазба, үрейге толы пікір және "сақтық үшін жіберейін" деген әрекет алға жылжытады. Үрейлі хабарламамен бөліспес бұрын, оның авторын және ресми дереккөздер не айтып жатқанын тексеріңіз. Жалған ақпараттың таралуын тоқтатудың ең сенімді жолы – оған назарыңызды аудармау", – деп мәлімдеді Қазақстандағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов та 2026 жылғы 17 қарашаға қатысты тараған қауесеттерге түсініктеме берген болатын.