Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатындағы кафе мен мейрамханалар сот шешімімен жабылуы мүмкін

Фото: pexels
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов 2026 жылғы 10 қарашада Үкіметтегі брифингте тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары қандай жағдайда айыппұл арқалап, сот шешімімен жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

БАҚ өкілдері тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналасқан әрі өрт шығу қаупін тудыруы мүмкін қоғамдық тамақтану орындарына назар аударды. Журналистер министрліктен мұндай нысандарда тексеру жүргізу жоспарланып отырған-отырмағанын сұрады.

"Көптеген тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында түрлі кәсіпкерлік нысандар, соның ішінде қоғамдық тамақтану орындары орналасқан. Аулаларды аралау кезінде бұл нысандармен және олардың басшыларымен міндетті түрде профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, әңгімелесу өткізіледі. Сондай-ақ олармен өрт қауіпсіздігі бойынша түрлі оқу-жаттығулар ұйымдастырылады", – деді Мұрат Мұханов.

Журналистер профилактикалық жұмыстар нәтиже бермей, нысанда өрт шыққан жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігі қандай шара қолдана алатынын да нақтылады.

"Мұндай жағдайда тұрғындарға айтарымыз: егер өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғанын байқаса, қаланың кез келген тұрғыны өңірлердегі төтенше жағдайлар департаменттеріне жүгініп, шағымын қалдыра алады. Біз мұндай өтініштерге ден қойып, нысандарды заң талаптарына сәйкес тексереміз. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады және оларды жою мерзімі нақты көрсетілген нұсқама беріледі. Белгіленген мерзім аяқталған соң анықталған кемшіліктердің жойылған-жойылмағанын тексеру үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Егер заңбұзушылықтар жойылмаса, онда сот арқылы нысандардың қызметі тоқтатылады", – деп мәлімдеді министр.

Журналистер әкімшілік шараларға айыппұл салу да кіре ме деп нақтылаған кезде министр бұл сұраққа оң жауап берді.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов өрт сөндіру техникасының жүруіне кедергі келтіретін көліктерді құтқарушылардың қалай ретке келтіретінін және мұндай әрекет үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтқан болатын.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматыда 10 қарашада күн +20°C-қа дейін жылып, келесі күні қар жауады

Тоқаев: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес

Ақтөбеде студенттің жатақханадан құлап қаза табуына қатысты сот басталды

Леопард пальтосы сәнге қайта оралды

Мәскеуден Алматыға ұшқан SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонды