Бұл туралы 2026 жылғы 11 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі мәлімдеді.
"ҚМА-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 1954 жылғы 18 наурызда туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Грузия Республикасының Гудаута қаласының тумасы, "Қызыл-Жар СҚ" футбол клубы" ЖШС-нің бұрынғы президенті Григорий Отарұлы Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады. Ол жалпы сомасы 414 млн теңгеден асатын бюджет қаражатын жымқыру және салық төлеуден жалтару фактілері бойынша күдікке ілінді", – делінген хабарламада.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.
"Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған, жеке шоттарға негізсіз ақша аударуды ұйымдастырған, сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізуді қамтамасыз еткен. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген", – деп хабарлады ҚМА.
Агенттік іздеудегі адамның жүрген жері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтардан +7 7172 70 84 78 нөмірі арқылы ҚМА-ның кезекші бөліміне хабарлауды сұрайды.
Сурет: ҚР ҚМА баспасөз қызметі
2026 жылғы 4 қарашада Таиландта трансұлттық қылмыстық желіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланған қазақстандықтың ұсталғаны белгілі болды. Сол кезде мемлекетке 560 833 701 теңге залал келтірілгені хабарланған еді.