Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға қатысқан оқушылар шамамен 16 жаста. Шабуылдан кейін зардап шеккен мектеп оқушыларына медициналық көмек қажет болған.
2026 жылғы 16 қарашада Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Зардап шеккен екі оқушыға медициналық көмек көрсетілді. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылды", – деп хабарлады ведомстводан Zakon.kz редакциясына.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары оқушы қыздың заңды өкілдерін бала тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартты.
"Оқиғаға себеп болған жағдайлар мен оған ықпал еткен факторларды жою жөнінде Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ тергеу аясында білім беру ұйымының қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне құқықтық баға беріледі", – деп толықтырды полиция өкілдері.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.