Онлайн-кинотеатрларға жаңа міндет жүктеледі

Сурет: pexels
Құрылтай депутаттары 2026 жылғы 18 қарашада онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, медиа кеңістікте жаңа сын-қатерлердің пайда болуы заңнамалық базаны уақытылы жетілдіруді талап етеді. Атап айтқанда, шешуді қажет ететін мәселелердің басым бөлігі онлайн кеңістікке қатысты. Өйткені деструктивті контент көбіне осы ортада таралып, құқыққа қайшы әрекеттер жасалады.

"Бүгінде өзекті мәселелердің бірі – онлайн-платформалардың Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету. 2026 жылдың 10 айындағы мониторинг нәтижесінде платформалардан 128,5 мың құқыққа қайшы материал анықталды. Алайда олардың тек 70%-ы ғана жойылған. Бұл платформалардың заңнама талаптарын сақтау жауапкершілігін күшейту қажеттігін көрсетеді. Ең алдымен, платформалардың Қазақстан аумағында заңды тұлға нысанында өкілдіктерін ашу міндетін заң жүзінде бекіту ұсынылады", – деді Арман Қырықбаев.

Сонымен қатар платформалардың иелері мен олардың өкілдіктері уәкілетті органның құқыққа қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою туралы нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұдан бөлек, заң жобаларында 5 мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігін енгізу көзделген.

"Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, соның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балаларға онлайн-платформаларда тіркелуге тыйым салу ұсынылады. Платформалардың иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады. Бұл тыйым тұлғааралық қарым-қатынасқа, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды", – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, бүгінде телевизиялық және өзге де аудиовизуалды контент дәстүрлі телерадио хабарларын тарату арқылы ғана емес, онлайн-кинотеатрлар сияқты түрлі аудиовизуалды платформалар арқылы да таралады. Алайда қолданыстағы заңнама негізінен теле- және радиоарналарды таратудың дәстүрлі тәсілдерін реттейді.

"Осыған байланысты аудиовизуалды платформалар мен онлайн-кинотеатрлардың қызметін заң жүзінде реттеу ұсынылады. Атап айтқанда, аудиовизуалды платформалар арқылы теле- және радиоарналарды тарату лицензия негізінде жүзеге асырылады. Ал онлайн-кинотеатрлар Қазақстан аумағында өздерінің заңды өкілін белгілеуге міндетті болады", – деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар БАҚ-та мемлекеттік органдардың жауаптарын жариялау кезінде арнайы таңбалау енгізу ұсынылады.

Онлайн кеңістікте азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау да маңызды мәселелердің бірі саналады.

"Бүгінде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер, сондай-ақ жала жабу туралы ақпарат платформалар арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасында азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған ақпарат көзіне, соның ішінде әлеуметтік желілерге теріске шығаруды орналастыру көзделген. Сондай-ақ БАҚ пен онлайн-платформаларда былапыт сөздер қолданғаны және онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі БАҚ-та ғана емес, цифрлық ортада да қолдануға мүмкіндік береді", – деп толықтырды Арман Қырықбаев.

Бұдан бөлек, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты жағдайлар нақтыланады.

Ашық дереккөздерден алынған адамдардың фото және бейнебейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға тек адамның өзі оларды кейіннен пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік жұмысына жатпайтыны туралы норма тікелей бекітіледі.

Бұған дейін Қазақстанда пайдаланушыларды қорғауға және ұлттық заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған онлайн-платформалармен өзара іс-қимыл жасаудың жаңа тетіктерін енгізу ұсынылғаны хабарланған болатын.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Студенттің қазасынан кейін ҚазҰУ-де кешенді тексеру жүргізіледі

Алматы облысында мемлекетке қайтарылған жерлерде құны 60,2 млрд теңге болатын бес жоба іске асырылмақ

Супермаркетте 500 мың теңгесінен айырылып қала жаздаған зейнеткерді қала тұрғыны құтқарып қалды

"Азаматтарға арналған үкімет" зейнетақы мен жәрдемақының уақтылы төленуі туралы есеп бермек

"Balapan"-ның күзгі базарлығы