Президенттің айтуынша, Қазақстан NVIDIA компаниясымен жемісті ынтымақтастық орнатқан. Осы орайда ол компанияның бас директоры Дженсен Хуангқа Астанаға арнайы келгені үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар OpenAI компаниясымен серіктестік аясында еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының оқытушылары ChatGPT Edu арнайы чат-ботын еркін пайдалану мүмкіндігіне ие болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты (MIT), Беркли және Карнеги Меллон университеттері сарапшыларының қолдауымен қазақстандық студенттер 22 мыңнан астам жоба әзірлегенін жеткізді.
Мемлекет басшысының сөзінше, жасанды интеллектіге қатысты жүздеген шешім қазірдің өзінде бизнес, денсаулық сақтау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, Satbayev Technical University мен Гонконг қалалық университетінің ынтымақтастығы да осы бағытта айтарлықтай нәтиже берген.
Президент Нгай мырзаның жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді өндіріске енгізу туралы бастамасын толық қолдайтынын айтты.