Мамандардың мәліметінше, соңғы аптада Қазақстанда ЖРВИ-дің 133 052 жағдайы тіркелген. Ал эпидемиологиялық маусым басталғалы бері респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтырудың жалпы саны 1,5 миллионға жеткен. Дегенмен елдегі эпидемиологиялық жағдай маусымдық деңгейге сәйкес келеді.
"Соңғы аптада ЖРВИ жұқтыру жағдайларының саны 6,8%-ға азайды. Ал эпидемиологиялық маусым басталғалы бері аурушаңдық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға төмен", – деп хабарлады ведомство 2026 жылғы 23 қарашада.
Ал тұмауға келсек, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап зертханалық жолмен 297 жағдай расталған. Оның 295-і – A(H1N1) вирусы, екеуі – В типті тұмау.
Дәрігерлердің айтуынша, басқа респираторлық вирустардың арасында риновирус, бокавирус және аденовирус жиі анықталып жатыр.
Сонымен қатар медициналық ұйымдар науқастар санының маусымдық өсуіне дайындалып жатыр. Осыған байланысты мамандар аурудың алдын алу үшін мынадай қарапайым шараларды сақтауға кеңес береді:
- қолды үнемі сабындап жуу;
- бөлмелерді жиі желдету;
- науқас адамдармен жақын байланыста болмау;
- ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, қажет болса медициналық көмекке жүгіну.
Бұған дейін 21 қарашада Астана әкімдігі медициналық ұйымдардың жұмысын күшейтіп, ауруханадағы төсек-орын санын арттырғанын және жедел жәрдем қызметтерінің науқастар санының өсуіне дайын екенін хабарлаған болатын.