Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан арқылы Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"2026 жылғы 15 қазанда Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. 2025 жылы белсенді құрылыс жұмыстары басталғаннан бері екі жылға жетпейтін уақыт ішінде жоба аяқталды. Қазақстан мен көршілес елдер Каспий теңізі арқылы деректерді тасымалдаудың қосымша бағытына ие болды. Сонымен қатар байланыс желісінің тұрақтылығы мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін операторлар Каспий теңізінің түбімен өтетін резервтік арнаны іске асыруы қажет. Қорғастан Ақтауға дейінгі "Батыс – Шығыс" гипермагистралінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір бағыттың 87%-ы төселді", – деді министр.
Оның сөзінше, құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланған.
"Екі магистраль да Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін арттырып, деректерді тасымалдау кезіндегі кідірісті азайтуға мүмкіндік береді. Еуропа мен Азия желілерімен сенімді байланыс орнату халықаралық компанияларды "Деректерді өңдеу орталықтары алқабына" тартуға көмектеседі", – деді Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ министр "Деректерді өңдеу орталықтары алқабын" дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда бұлтты сервистер мен жасанды интеллект жүйелерінің жұмысына қажетті есептеу қуаттары артып келеді.
"Соңғы үш жылда Қазақстанда бірнеше деректерді өңдеу орталығы іске қосылды. Олардың қатарында мемлекеттік цифрлық жүйелерді орналастыруға арналған Астанадағы мемлекеттік органдардың деректерді өңдеу орталығы бар. Тағы үш орталықты іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа қуаттар ел ішінде көбірек деректерді сақтауға және өңдеуге, сондай-ақ мемлекет пен бизнеске арналған бұлтты сервистерді дамытуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз Қазақстанда Tier III және Tier IV деңгейіндегі озық инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Екібастұзда "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мұнда ірі технологиялық компаниялар жасанды интеллект модельдерін оқытуға және іске қосуға арналған деректер орталықтары мен есептеу кластерлерін орналастыра алады", – деді ол.
Министрдің айтуынша, жоба халықаралық бұлтты сервистер провайдерлерімен және NVIDIA компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. 2029 жылға қарай есептеу қуатын кемінде 1 ГВт-қа жеткізу көзделген.
"Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Келесі жылы жалпы қуаты шамамен 300 МВт болатын деректерді өңдеу орталықтарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл алқап білікті жұмыс орындарын ашып, отандық мамандарға озық есептеу инфрақұрылымымен жұмыс істеу тәжірибесін береді", – деп түйіндеді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін Жаслан Мәдиев Қазақстанда жолаушылар мен туристер үшін интернетке қолжетімділік қай өңірлерде кеңейтілетінін айтқан болатын.