"2ГИС" қосымшасының мәліметінше, Алматы жолдарындағы кептеліс деңгейі 10 балға жеткен. Картадан қаланың негізгі көшелерінің барлығында дерлік көлік қозғалысы қиындағанын көруге болады. Атап айтқанда, Сайын, Төле би, Жандосов, Сәтбаев, Тимирязев, Жароков, Мұқанов көшелерінде, сондай-ақ Назарбаев, Абай, Рысқұлов және Райымбек даңғылдарында көлік легі баяулаған.
Сурет: 2ГИС
Бұдан бөлек, Алматының әр бөлігінде жол-көлік оқиғалары тіркелген.
Кептелісте қалған қала тұрғындары мен қонақтары 2ГИС қосымшасында наразылығын білдіріп жатыр. Жүргізушілер жаңбыр жауған кезде кейбір көлік иелерінің жолда неге өзгеше әрекет ететініне таңданысын жасырмаған.
Қосымша қолданушыларының пікірлерінен:
- "Ақырзаман ғой".
- "Үйге қашан жетеміз?!"
- "Жаңбыр жауса, бәрінің басы айналып кете ме?"
- "Жаңбыр жауған кезде неге көлікті басқаша жүргізе бастайсыздар?"
- "Мұнда келмей-ақ қойыңыздаршы, жұмысқа баруым керек".
"Қазгидромет" мәліметінше, алдағы үш күнде Алматыда жауын-шашын болып, ауа райы өзгереді.
25 қараша: Аспанды ала бұлт басады. Түнде жаңбыр, қар түрінде жауын-шашын болады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 3-8 м/с, түнде екпіні 13 м/с-қа жетеді. Ауа температурасы түнде +5...+7, күндіз +13...+15 градус.
26 қараша: Аспанды ала бұлт басады. Күннің екінші жартысында жаңбыр жауады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 3-8 м/с, күндіз екпіні 13 м/с болады. Ауа температурасы түнде +7...+9, күндіз +18...+20 градус.
27 қараша: Аспанды ала бұлт басып, кей уақытта жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 3-8 м/с, екпіні 13 м/с болады. Ауа температурасы түнде және күндіз +6...+8 градус.