Оның айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2 200-ден астам қару тәркіленген. Оның 190-ы қылмысқа қатысы бар қару болса, соның 162-сі Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.
"20–22 қараша аралығында республика бойынша "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Үш күнде 188 атыс қаруы тәркіленді. Оның 17-сі – ойық ұңғылы, 125-і – тегіс ұңғылы, ал 46-сы – өзге түрдегі қару. Бұдан бөлек, түрлі калибрлі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната тәркіленді", – деді Бекзат Кемал.
Мәселен, 20 қарашада Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш ауданының тұрғынынан ойық ұңғылы винтовка, ұңғысы кесілген тегіс ұңғылы мылтық, пневматикалық винтовка, белгі беретін тапанша және түрлі калибрлі 28 патрон тауып, тәркілеген.
"Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", – деді Бекзат Кемал.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде полицейлердің пәтер аралап, тұрғындардың биометриялық деректерін жинап жүргені туралы хабарлама тараған еді. ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарып, қазақстандықтарды тексерілмеген мәліметті таратпауға шақырды.