Қазақстанда полиция үш күнде заңсыз айналымнан 188 атыс қаруын тәркіледі

МВД РК, Министерство внутренних дел РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2026 11:14 Фото: Zakon.kz
ҚР Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті нығайту және заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл туралы 2026 жылғы 26 қарашада ІІМ Криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2 200-ден астам қару тәркіленген. Оның 190-ы қылмысқа қатысы бар қару болса, соның 162-сі Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.

"20–22 қараша аралығында республика бойынша "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Үш күнде 188 атыс қаруы тәркіленді. Оның 17-сі – ойық ұңғылы, 125-і – тегіс ұңғылы, ал 46-сы – өзге түрдегі қару. Бұдан бөлек, түрлі калибрлі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната тәркіленді", – деді Бекзат Кемал.

Мәселен, 20 қарашада Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш ауданының тұрғынынан ойық ұңғылы винтовка, ұңғысы кесілген тегіс ұңғылы мылтық, пневматикалық винтовка, белгі беретін тапанша және түрлі калибрлі 28 патрон тауып, тәркілеген.

"Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", – деді Бекзат Кемал.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде полицейлердің пәтер аралап, тұрғындардың биометриялық деректерін жинап жүргені туралы хабарлама тараған еді. ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарып, қазақстандықтарды тексерілмеген мәліметті таратпауға шақырды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: