Түркия полициясы ел президенті Режеп Тайип Ердоғанның денсаулығы туралы жалған ақпарат таратты деген күдікпен 30 адамның үстінен тергеу бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күні кеше әлеуметтік желілердің түркиялық бөлігінде Ердоған туралы #olmus - "өлді" деген хештэгпен посттар тарай жөнелді, дейді BBC қызметі.
Сол-ақ екен, президенттің маңайындағылар Ердоғанның денсаулығы тәп-тәуір екенін дәлелдейтін түрлі видеоларды қарша боратты.
67 жастағы Ердоғанның денсаулығы туралы қауесетке әлеуметтік желіде жарияланған екі видео мен түрік басшысының Глазгодағы климат жөніндегі саммитке сапарын тоқтатқаны себеп болса керек.
Өткен демалыста Римде өткен "жиырмалық" саммитінде түсірілген бір видеода Ердоған көмекшісінің иығына сүйеніп келе жатады. Сосын Глазгодағы саммитке барайын деп отырған Ердоған соңғы сәтте бұл сапардан бас тартты. Бірақ сәрсенбіде Ердоған өз партиясының билікке келгеніне 19 жыл толуына орай ұйымдастырылған Анкарадағы бірнеше шараға қатысты.
"Шеф Ыстамбұлдан Анкараға келді. Оның денсаулығы жақсы", - деп жазды "Твиттерде" партия мүшесі Ахмет Хамди Чамлы.
Ердоғанның баспасөз қызметін басқаратын Фахреттин Алтун "Твиттерде" президенттің ешкімнің көмегінсіз көліктен түсіп, кілеммен жүрген қысқа видеосын жариялады.
"Досыңа сен, жауыңнан қорық", - деп жазды Алтун виденың үстіне.
Ол видеодағы Ердоғанның жүрісін мінсіз деуге келмейді, алайда адамның жүрісіне қарап оның денсаулығы туралы пайым жасауға да болмайды.
Жалпы, Түркияда Ердоғанның денсаулығы туралы өсек-аяң баяғыдан жүр, өйткені президенттің денсаулығы жөнінде ресми ақпарат мүлдем дерлік берілмейді.
2011 жылы Ердоған тоқ ішегіне ота жасатқан. Елде президенттің денсаулығы туралы алып-қашпа әңгіме тарай бастаған кездерде баспасөз қызметі Ердоғанның баскетбол ойнап жатқаны сияқты видеоларды жариялап қояды.
Ердоғанның Түркияны басқарып келе жатқанына 19 жыл болды: ол 2003 жылдан бастап 2014 жылға дейін премьер-министр болды, сосын президент болды. Түркиядағы келесі президенттік сайлау 2023 жылы өтуі тиіс.