Теміртау қаласында жазғы демалыс қарсаңында шағын «Электроқалашық» ашылды. Онда электр қуаты пайда болған соң өзгеріске ұшыраған көне жәдігерлер қойылған, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасы жазған ақпаратқа сілтеме жасап.
Ерекше көрме тарихи-өлкетану мұражайының алаңында орналасқан. Электр құралдарының өткені мен бүгіні жайлы тілшіміз баяндайды. «Алуан түрлі кофе ұнтақтағыштар мен блендерлердің арғы тегі - мынадай ауыр астық үкіш екенін, біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның салмағы 10 келі.
Бұған қарап әжелеріміздің тұрмысы қаншалықты ауыр болғанын аңғару қиын емес». Көне заттар арасында 1900-шы жылдары қыз-келіншектер шаш бұйралаған құрал да бар. Оны Қазақ металлургиялық зауытының жұмысшысы жұбайына сыйлаған көрінеді.
Өзі шойыннан, сабы ағаштан жасалған затты отқа қыздырып пайдаланған сыңайлы. Мұнан басқа шойын үтік, металдан жасалған сақал қырғыштар мен радиоқабылдағыштар, теледидардың сан түрі бар. Бұл жәдігерлер қарияларды көзіне оттай басылды. Балалар мұндай тұрмыстық техникалар жайлы тек естіген.
Әли Асқарұлы: Бірінші рет көргенде бұрынғы заман туралы есіме түсіп кетті. Осы телевизордың экраны кіп-кішкентай, оны адамдар үлкейтіп көру үшін қасына су қойып оны үлкейтетін.
Лейла Әлікеева, Теміртау қалалық тарихи- өлкетану мұражайы директорының орынбасары: Мақсат - мына музейдің қызметін әр түрлі форматта көрсетіп, халықты қызықтырып өзімізге жақын тарту - үлкенді де, кішіні де. Үлкен жастағы адамдарға бұл заттар ыстық көрінеді, мынадай зат менде болған, қолданғанбыз деген сияқты.
Мұражай қызметкерлері жәдігерлерді қала тұрғындарынан жинаған. ХХ ғасырда қолдың күшімен жұмыс істеген құралдар қазір қолданыстан шыққаны анық. Алайда олар электр қуатының көмегімен жаңарғаны болмаса бастапқы қызметтерін жоймаған. Әр экспозиция өткен мен бүгінгі уақыт айырмашылығын ғана емес, адамзат баласының ғылыми жетістіктерін айқындайды.
Айжан Қуаш, тілші: Мұражай алаңында 8 шығармашылық топ жұмыс істейді. Олардың мақсаты - электр қуатының сиқырын көрсету. Балалар зертханада шаштан, қағаздан, тас пен матадан электр қуатын алу тәсілдерін үйренеді. Электроқалашық көрмесі жаз бойы жұмыс істейді.
Айжан Қуаш