Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
"ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың арнайы бұйрығымен 5 наурыздан бастап театрға өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек басшылық етеді", делінген министрлік хабарламасында.
Еркін Жуасбек 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы Мемлекеттік Театр-көркемсурет институтының театр факультетіне түскен. Еңбек жолын ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға лаборант болып бастап, осы күнге дейін театр саласында еңбек еткен. Басшылық қызметтерде тәжірибесі бар.