Алайда Халық әртісі үнсіздікті бұзуды жөн көріпті. Роза Рымбаева ұлына қатысты аталған жайтқа Динара Сатжанға берген сұқбатында тоқталады.
Өз сұқбатында Роза Рымбаева ұлына қатысты сын-пікірлер жайлы тек үш күн өткен соң білгенін айтады.
"Басында ұлыма орден берілгелі жатқанын естідім. Оған таң қалып, сол күйінде ән айту үшін сахнаға шығып кеттім. Содан кейін үш күн өткен соң естимін ғой барлығын. Мен Instagram-да отырмаймын, ешқашан негатив хабарларды, бағдарламаларды қадағаламаймын. Балалар мені естімесін деген, оның үстіне бұл күндері қолым бос болмады. Мен ұлымның өнерін тамашалағанда ғана білдім. Мәди ағасы үшін қатты уайымдады. Осыдан кейін түні бойы ұйықтай алмай шықтым. Не істерімді білмедім, не жыларымды, не күлерімді, бастысы балаларға осалдығымды көрсетпеуім керек. Егер мен жылап қалсам, олар қандай күйде болады? Қайта желіде айтылғандардың барлығын ежелеп оқып жатпадым, сол жақсы болды". Роза Рымбаева
Оның айтуынша, бұл орден олардың өмірін, ұстанымдары мен кәсіби қырын еш өзгертпейді.
"Менің ұлдарым 18 жыл музыка мектебінде оқыды, осындай ауқымды кәсіби білімі бар. Сондықтан ол жағынан мен еш саспаймын. Олар ұстаз да бола алады, жетекшілік те ете алады, оркестрде пианист, композитор бола алады, аранжировщик ретінде де жұмыс істей алады. Өз басым, Әлидің әкесінің жолын қуғанын қалаймын. Мүмкін, уақыт өте келе ол осы жолға түсер. Барлық марапаттар, құрметті атақтар ештеңені өзгертпейді: біз одан бай бола түскен жоқпыз. Біз осыған дейін қалай өз жұмысымызбен айналысып жүрсек, солай алда да өз бағытымыздан таймаймыз", - дейді Роза Рымбаева
Ол балаларына, әу баста, осындай теріс қарым-қатынас болғанын нақтылайды.
"Менің балаларыма алғаш сахнадан қалай төбе көрсетті, солай осындай көзқарас пайда болды. "Роза оларды "көтермелеп" жүр" деген сияқты. Ал шынтуайтында, музыкант ретінде маған қарағанда балаларым әлдеқайда білімді. Өзім театр және кино актерімін. Алған білімім сондай. Ал олар музыканттар. Сонымен қатар, Әлидің көптеген кәсіби қырын жұрт біле бермейді. Біз өз-өзімізді ешқашан жарнамаламаймыз. Бұл біздің кәсіби өміріміз. Ал кәсіби әлем Әлидің деңгейін біледі". Роза Рымбаева
Сөз соңында әнші лақ еткен жағымсыз сөздерге төтеп берудің қиын екенін айтты.
"Ол (Әли) қандай да бір сыйақы немесе бас пайдасы үшін ән жазатын адам емес. Сондықтан қараптан қарап артынан жаман сөздерді жаударып жатқанда күйіп кетеді екенсіз". Роза Рымбаева
Әли Оқапов 2023 жылы 25 қазанда желіде "Құрмет" ордені иегері атанғаны туралы жаңалықпен бөліскен еді.