Әнші 25 мамырда Instagram-дағы парақшасында Ыстамбұлда (Түркия) өткен концертінен түсірілген видеоларды жариялады. Видеода әлемнің түрлі елдерінен жиналған мыңдаған жанкүйерлер "Махаббат Бер Маған Тағдыр" әнін шырқады. Димаштың өзі болса, оларға сахнадан қолдау беріп иығына Қазақстан туын жамылып тұрды.
"Рақмет. Бұл таңғажайып түн болды. Рақмет, қымбаттыларым", - деп жазды Димаш Құдайберген желіде.
Димаштың ресми сайтында атап көрсетілгендей, бұл ерекше кездесу 24 мамырда Ыстамбұлдағы үлкен "Бешикташ" стадионында өтті.
"Өнер иесін құттықтауға Түркия, Қазақстан және АҚШ-тан әлемге әйгілі музыканттар келді. Димаштың жеке концертінің арнайы қонағы, әнші, композитор, гитарист, тек шығармашылық қана емес, қайырымдылық қызметімен де кеңінен танымал және халық сүйген түрік халықтық хард-рогын жаңғыртқан музыкант Халук Левент қабылдаушы ел атынан қазақ өнерпазын түрік жерінде қарсы алып, Димашқа гитара да сыйға тартты. Рокер Халук пен классикалық вокалист Димаш сахнадан акустикалық гитараның сүйемелдеуімен түріктің ең танымал "Gesi Bağlari" әнін орындады", делінген хабарламада.
Концерттің тағы бір қонағы атақты диджей Бурак Йетер болды.
"Ол Димашпен былтыр Түркиядағы "Weekend" әнінің премьерасы өткен алғашқы концертінен бері бірге жұмыс істеп келеді. Бұл жарқын, жеңіл шығарма бүгін тағы да орындалып, көрерменнің ерекше ықыласына ие болды. Бурак Димашқа өткен жылы арнайы қонақ ретінде қатысқан оның жұлдызды шоуының символы болып табылатын "ғарыш" күртесін сыйлады", делінген хабарламада.
Концерттің тағы бір арнайы қонағы қазақстандық композитор, Димаштың досы Ренат Гайсин да болды. "Қайран Елім" әнін Димаш маэстро Гайсиннің сүйемелдеуімен пианинода және Олжас Құрманбектің сүйемелдеуіндегі қобыздың қоңыр үнімен орындап, әртістердің адам тағдыры жайындағы терең толғаныстарын аша түсті.
Димаш пен Нейтанның өнер көрсетуі көрермендер үшін үлкен тосын сый болды. Көрермендер қытай тіліндегі виртуоздық фортепиано мен бір қарағанды жеңіл болып көрінетін вокалдық дауысты ерекше әсермен қабылдады.
Шоу-бағдарламада Димаштың құрметті досы, композитор Игорь Крутойдың туындылары ерекше орын алады.
"Be With Me" әнін орындаған Димаш сахнаның артына өтпек болған сәтте күтпеген жерден оның ұстазы Марат Әйтімов сахнаға үлкен тортпен шығып, ұжым мен концертті ұйымдастырушылардың атынан туған күн иесін 30 жасқа толған туған күнімен құттықтады. Димаш ұстазына және бүгін оның арманын жүзеге асырған жанкүйерлеріне алғысын білдірді.