ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық музейдің археология бөлімінің мамандары Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылы маңында орналасқан археологиялық ескерткіште далалық зерттеу жұмыстарын аяқтады. Аталған артефактілер Қызылкөл тарихи-мәдени нысанда орналасқан ғибадатхана мен екі қорғаннан табылды.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
"Қазба жұмыстары кезінде ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, тас дәнүккіш, келі, диірмен т.б. еңбек құралдарының бөліктері, қыш ыдыс тұтқалары, киімге арналған түйме фрагменттері алынды. Ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте ғұрыптық бұйым (курильница) ыдысының кішкене бөлігі сақталған цилиндр пішінді, табаны жайпақ тұғыр табылды", делінген хабарламада.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы, ғибадатхананың ерекше құрылымы мен табылған жәдігерлердің түрлері құрылыстың ғұрыптық ғибадатхана ретінде пайдаланылғанын көрсетсе, тас құралдар егіншіліктің, атап айтқанда, егін жинаудың дамығанын көрсетеді.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Орталық музей археологтары Қазақстанның көне тарихының жаңа парақтарын аша отырып, еліміздің әр өңіріндегі тарихи нысандарда архологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.