Ғылыми-фантастикалық триллер "Саньсиндуй: Болашақтың өткені" 2026 жылғы 23 қазанда ел экрандарына шыққан. Алайда кинотеатр залдары босқа жуық: сеанстарға санаулы адам ғана келеді.
Фильм прокатының алғашқы күніндегі кассалық түсім шамамен 300 мың юаньды (20 млн теңгеден сәл астам) құрады. Ал картинаны түсіруге шамамен 10 млн юань (683 млн теңгеден астам) жұмсалған.
"Саньсиндуй: Болашақтың өткені" – Қытайда ЖИ көмегімен түсірілген, ұзақтығы 100 минут болатын алғашқы гиперреалистік толықметражды фильм. Ол Мемлекеттік кинематография басқармасынан көпшілікке көрсетуге рұқсат алған.
РБК Life басылымының жазуынша, фильмді түсіруге 100 адам екі жылдан астам уақыт жұмсаған. Картинадағы актерлер, олардың дауыстары мен декорациялардың барлығы жасанды интеллект арқылы жасалған.
Фильмде жасанды интеллект қалыптастырған болашақтағы адамзат тақырыбы қозғалады. Сюжет бойынша, ЖИ бүкіл әлемге таралып, адамзат басқаруды алгоритмдерге тапсырады. Соның салдарынан планетада дағдарыс туындайды.
Bona Film Group продюсерлік компаниясының бас директоры Цзян Дэфу фильмнің көрермендер тарапынан салқын қабылданғанын мойындағанымен, оның мүмкіндіктер шекарасын кеңейтетінін айтты.
"Біз мұны алғашқылардың бірі болып сынап көрдік. Бұл оңай болған жоқ", – деді ол.
Ал премьераға қатысқан көрермендер мұндай фильмді көру үшін алдағы уақытта ақша төлеуге дайын емес екенін айтқан. Олардың пікірінше, картина "Аватар" сияқты адам актерлері ойнайтын фильмдердің деңгейіне жете алмайды.
Бұған дейін танымал ресейлік тележүргізуші Азамат Мұсағалиев "Я себя знаю" атты танымал әзіл-сықақ шоуын жабатынын мәлімдегенін жазған едік.