Марапатты WBC өкілдері, сондай-ақ ұйымның Қазақстандағы өкілі Әлихан Жарылғапов тапсырды.
Ұйымның әйгілі жасыл белбеуін бұған дейін Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Геннадий Головкин сияқты әлемдік бокс жұлдыздары иеленген. Сонымен қатар WBC бұл марапатты спорттан тыс салада да ерекше жетістікке жеткен тұлғаларға берген. Олардың қатарында Нельсон Мандела бар.
WBC өкілдері Димашқа белбеу табыстау туралы бастаманы ұйым президенті Маурисио Сулейман көтергенін айтты. Денсаулығына байланысты ол салтанатты рәсімге қатыса алмаған.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, Димаш әлемдік музыкадағы орны мен адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеуі арқылы бұл марапатқа лайық деп танылған.
Кездесу барысында әншінің командасы мен WBC өкілдері спорт пен өнердің адамдарды біріктірудегі рөлін де талқылады. Олар бокс пен музыканың ортақ құндылығы – халықтар арасындағы құрмет пен татулықты нығайту екенін атап өтті.
Сондай-ақ әңгіме барысында қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жетістіктері мен Димаштың БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымымен байланысы сөз болды.