Талдықорғанның көп салалы ауруханасына найзағай соққысынан зардап шеккен 34 жастағы әйел келіп түсті, деп хабарлайды Baq.kz Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бізге 2-3 дәрежедегі термиялық күйік диагнозымен әйел келіп түсті. Найзағай оң жақ саны мен аяғына соққан. Күйіктің көлемі дене үстінің 3-5 процентіне тең. Зардап шеккен әйел толықтай тексерілді. Ішкі органдарында патология жоқ. Әйелдердің жасы 34 жаста. Найзағай болғанда көшеде мүлдем жүруге болмайтынын еске сала кеткен жөн», - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетсек, Қазақстанда табиғи күш соққысынан адамдардың зардап шегуі жағдайы бірінші рет болып отырған жоқ.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Терс өзенінде демалып жатқан ер адамды найзағай соғып, сол жерде көз жұмған болатын.
Семейде Чекоман елді мекенінде 16 жастағы жігіт осындай табиғи апаттан қайтыс болды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында найзағай соққысынан термиялық күйік алып бақташының аудандық ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын.