Аққулы ауданының Шарбақты ауылында пневматикалық қарудан зардап шеккен 2004 жылғы бала республикалық орталықтарда ем алуды қажет етпейді, деп хабарлайды Zakon.kz pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев айтты.
- Аққулы ауданынан науқастың жеткізілгеніне төрт тәулік өтті. Жедел түрде көмек көрсетілді. Өкінішке орай, әуе оғы жарақаты нәтижесінде сол жақ көзінен айырылып қалған. Алматы көз аурулары ғылыми зерттеу институтымен байланысқа шықтық. Ота облыстық аурухананың дәрігерлерімен түнде жасалды. Жоспарлы емдеу жүргізілуде. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда, – дейді Ораз Мұқашев.
Басқарма басшысының айтуынша, қайғылы жағдай салдарынан сол жақ көзін жарақаттаған оқты алудың қажеті жоқ. Себебі, оқ тереңде орналасқан және қан кету қауіпі бар. Жасөспірім жарақат кезінде көру қабілетінен айырылған. Жоспарлы түрде көзге энуклеация (көз алмасын алып тастау) жасалады. Бұл ретте, көз бұлшықеттері мен орбитаға тиіспейді.
Еске сала кетейік, полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, 30 наурыз күні Аққулы ауданының Шарбақты ауылында талтүсте 2001 жылғы жасөсіпірім көлдің жағасында шүйдесі сынған ИЖ-38 пневматикалық қаруын тауып алып, үйдің қақпасына атқан. Металл есікке тиген оқ қақпаның қасында тұрған 2004 жылғы баланы жарақаттаған. Зардап шеккен бала көз алмасының жарақатымен облыстық балалар ауруханасының офтальмологиялық бөлімшесіне жеткізілген.
Дәрігерлер жедел түрде магниттің көмегімен бөгде заттың көзден алып тастау мақсатында ота жасаған болатын. Жарақаттың ауырлығына байланысты науқастың жағдайына қатысты ақпарат республикалық санавиация желісі бойынша баланы жедел жеткізу үшін Алматы қаласының көз аурулары ғылыми зерттеу институтымен жіберілген.
Аталыш факті Аққулы ауданының полиция бөлімшесінде тіркелген. ҚР ҚК-нің 107-бабы, 1-бөлігі "денсаулыққа орташа деңгейде қасақана зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.