Іле ауданының тәртіп сақшылары белгісіз біреулердің күш көрсетіп, ірі көлемде қаржыны алып кетуіне қатысты қылмысты жасағандарды әшкере қылды, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 15 сәуір күні аудан орталығы – Өтеген батыр кентінде тіркелген. 34 және 31 жастағы екі азаматқа жолда шабуыл жасалып, бейтаныс екі азамат олардың ірі көлемдегі ақшасын алып кеткен. Тергеу барысында олардың бір фирмада бірге қызмет атқаратыны және қаржы да сол фирмаға тиесілі екені анықталған.
"Зардап шеккендердің өздері оқиғаға қатысты куәлік еті кезінде сөздерінен жаңылып, осы қылмысқа қатысы бар екенін білдіріп қойды. Жедел іздестіру шаралары барысында қарақшылық жасаған тағы екі сыбайласы ұсталды. Төрт күдікті бір-біріне өзара жақын таныс болып шықты. Фирманың 18 миллионнан астам қаржысын иемденгісі келгендер қарақшылықты өзара жоспарлаған. Күдіктілерден қаржының бір бөлігі мен ақша салынған сөмке тәркіленді",- деп атап өтті ведомство өкілдері.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, аталған дерекке қатысты қозғалған қылмыстық іс Іле ауданы полициясының өндірісінде. Аудандық соттың санкциясымен екі күдікті қамаққа алынып, солардың жоспарлауымен қылмысқа барған екі сыбайласы мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.