Жетісайда үш қызды екі жыл бойы аямай қинап келген өгей шешеге қатысты сот басталды, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Түркістанда басталған процесс жабық өтуде. Айы-күні жақындап, босанғалы отырған Жұлдыз Көбееваға қатысты екі баппен іс қозғалған.
Қанатбек Қоңырбаев, судья:
- 110-шы бабы 2 бөлігі 1-ші 2-ші тармағы, сосын ҚР кодексінің 140-шы бабы 2-ші бөлігімен қаралып жатыр. Екіншісі, 140 деген ол "ата-аналық борышын дұрыс атқармаған".
Жетісайлық 28 жастағы келіншектің кәмелетке толмаған үш қызды аса қатыгездікпен қинап келгені биыл сәуір айында әшкере болған. Ол күйеуінің бірінші некеден қалған үш қызын екі жылға жуық тырнақ астына ине тығып, мұздатқышқа қамап, тіпті ыстық суға отырғызып қинап келген. Қинау түрлері мен мерзімін жазып отыру үшін тіпті арнайы дәптер арнапты. Қыздардың бірі шыдай алмай мұғалімге айтқан соң ғана өгей шешенің өзі қамауға алынып, оның 2-ге толмаған ұлы бөбектер үйіне өткізілген-ді. Ал, денесінде сау тамтық жоқ үш өгей қыз кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жөнелтілді. Келесі сот отырысы 17-ші маусым күні болады деп жоспарлануда.