Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар халыққа көмірдің қалай жеткізіліп жатқанын тексерді, деп хабарлайды Zakon.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кету керек, көмір тиеп, оны тарату ісі жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда қаланың қатты отынға деген сұранысының 80 пайызы қамтамасыз етілген. Жалпы биылғы жылу беру маусымына қажетті отынның жалпы мөлшері - 248 мың тонна.
- Мамыр айынан бастап, біз халыққа күннің суығына қалмай отынды алдын ала түсіріп алыңыздар деп айтып келеміз. Әдетте, адамдар күн алғаш суытқанда көмірге лап қояды. Оның үстіне қаладағы көмір сататын орындарға жан-жақтан ауылдардан, аудандардан да көлік ағылады. Бірақ қазір ондай абыр-сабыр байқалмайды. Болашақта көмір сататын орындарда тәртіпсіздік болмас үшін біз әкімдік пен полиция қызметкерлерінен кезекшілік ұйымдастырдық, - деді әкім.
Әкімдік пен полиция қызметкерлерінен тағайындалған кезекшілер де тәртіпті реттеп, көмірдің кезектен тыс берілуіне жол бермеуде.
- Биыл біз халықтың әлеуметтік осал топтарына көмірді кезексіз босатамыз. Бұл алыстан келетін делдалдардың наразылығын тудыруы мүмкін. Кейбіреулері әдейі жанжал шығарып, кезексіз өтіп кеткісі келеді. Алайда, біз тәртіптің, кезектің сақталғанын қадағалаймыз. Тұтастай алғанда, көмірді жөнелту ісі қалыпты жүріп жатыр, - деді көмір босататын орынның директоры Нұржан Қазиев.
Айта кетсек, бірер күн бұрын Өскеменде көмір үшін "соғыс" басталып кеткені хабарланған. Көмір босататын орын алдында кезек қаптап, тұрғындар бұл жерде алыпсатарлар өз ережелерін орнатады, кезектен тыс өз адамдары кіреді деп шағымданған.
Оқи отырыңыз: Өскеменде көмір үшін соғыс басталды