Шымкентте "танымал әншінің көңілдесімін" деген келіншек сотталды

Күдікті атақты әншімен жалдамалы пәтерге бірге барып, көңіл көтергенін айтқан. Бірақ әйел сот процесі барысында бұл сөзінен айнып, оны мас болып айта салғанын жеткізді.

Шымкентте "жалдамалы пәтерде адам өлтірді" деп айыпталған келіншектің сотында танымал композитор, әнші Марат Омаровтың да аты аталды, деп хабарлайды Zakon.kz Отырар телеарнасына сілтеме жасап.

Күдікті атақты әншімен жалдамалы пәтерге бірге барып, көңіл көтергенін айтқан. Тіпті "Марат Омаровпен төсектес болдым" деген. Тергеу кезінде екеуінің бірге қандай мекен-жайдағы пәтерге барып, не ішкеніне дейін айтып берген болатын. Ал әнші Марат Омаров болса, бұл келіншекті танымайтынын айтып азар да безер.

Марат Омаров, әнші:

- Мүлде білмеймін оны. Мұндай кісінің аты-жөнін алғаш рет естіп тұрмын. Мүлде танымаймын. Мүмкін жай менімен суретке түскендердің бірі шығар.

Өзінің тергеу кезінде айтқан сөзін келіншек соңғы сот отырысында жоққа шығарды. Айтылған сөздің бәрі жай қиялдан туғанын алға тартты.

Айыпталушы:

- Мен өткен жолы да сізге жауап бердім ғой. Ол менің қиялым ғана болған. Марат Омаровты танымаймын.

Айта кетейік, қаралы оқиға 26 маусымда болған еді. Екі келіншек тәулікке жалға берілетін пәтерде танысқан. Алғашында көңілді басталған отырыс соңында ащы судан ұрттап алған қос келіншек сол жерде кімнің түнеп қалатынына таласып қалады. Оның соңы адам өлімімен аяқталды. Сот абайсызда адам өлтіріп алған үш баланың анасын екі жылға бас бостандығынан айырды.

Талғат Қаһаров, Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық сотының судьясы:

- Сот екі жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Күдікті жауапқа тартылып отырған заңның бабы 4 жыл бас бостандығынан айыруды көздейді. Алайда, қылмыстың аса ауыр түріне жатпайтындығын ескеріп, оған қоса абайсызда жасалғандықтан екі жыл бердік. Кәмелетке толмаған үш баласы бар екендігі, бұрын сотты болмағандығы және кінәсін толық мойындағаны жағдайды жеңілдетті.

Сотталушы келіншектің кәмелетке толмаған үш баласы әкелерінің қарауында қалды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: