Алматы полициясы Toyota Camry автокөлігін ұрлап кеткен адамды қолға түсірді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 желтоқсанда Бостандық ауданының кезекші полиция бөлімінің кезекші бөліміне тұрғын үй аумағына қалдырылған қара түсті Toyota Camry 70 көлігінің ізім-қайым жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 200-бабы, яғни "Ұрлық мақсатында көлік құралын заңсыз иемдену" бойынша қылмыстық істердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
- Сотқа дейінгі тергеу барысында ұрлықшыны жәбірленуші танитыны, бірақ оны жақсы білмейтіні белгілі болды. Ол өзі бейтаныс адаммен жақсы сөйлесіп, алдында ғана үйіне кіргізген екен. Ал ол кіре берістегі шкаф үстіндегі көлік кілтін көріп, ұрлап кеткен. Яғни, онда қылмыстық ниет аяқ-астынан туындаған. Әрине, адамгершілік жасаған жәбірленуші мұның арты бұлай болады деп еш күдіктенбеген.
Бұл жайт өзге азаматтарға да сабақ болуы керек, бейтаныс адамдарды үйге кіргізуге болмайды. Біздің дәстүр бойынша кісіні табалдырықта ұстамайды, алайда кейбір КСК қызметкері немесе тамақ жеткізуші адамдардың қол жетімді жерде тұрған заттарды үптеп кету әдеті бар, - деді Бостандық ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.
Келесі күні жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Алматы-Тараз жолында Меркі ауданының орталығындағы ұрланған көліктен 1995 жылғы жігіт ұсталды. Ол көлікке жалған нөмір тағып үлгеріпті. Ұсталған азамат өзінің әрекетін "ауылына келгісі келгенімен" түсіндірді, алайда ол ұрланған көлікті одан әрі Қырғызстанға апарып сатпақ болған деген болжам бар. Қазіргі уақытта қаскөй Алматы қаласының уақытша ұстау изольяторына тоғытылды.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.