Өскеменде теректің ұлпасы кесірінен екі көлік өртеніп кетті

Теректен саулаған мамық дәнектердің жануынан кешелі бері Қарағанды мен Павлодарда да өрт оқиғалары жиілеп кетті.

Өскеменде теректен түскен ақ ұлпаның тұтануы салдарынан екі көлік өртеніп кетті. Өрт сөндірушілер жеткенше, бір көлік түгел жанса, ыстық жалын екіншісінің тұмсығын шарпып үлгерген. Теректен саулаған мамық дәнектердің жануынан кешелі бері Қарағанды мен Павлодарда да өрт оқиғалары жиілеп кетті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Өрт сөндірушілер ұлпаның жайылуы жылдағыдан ерекше екенін растап отыр. Қарағандының өзінде олар таңертеңнен бері 15 шақты өрт ошағына барыпты. Ал теректен мамық қарша борап тұр. Мұнымен құтарушылар алдағы күндері де арпалысатындарына сенімді. Павлодарда да теректен ұшқан ақ мамық мазаны алып тұр. Күн ысығалы аймақта мамықтың елуге жуық жану оқиғасы тіркелген. Құдай сақтап, зардап шеккендер жоқ. Төтеншеліктердің айтуынша, өрт көбінде ақ мамыққа түскен темекі тұқылынан тұтануда. Тұрғындар қауіпсіздік шарасын сақтаса дейді.

Ернұр Өтегенов, Павлодар облыстық ТЖД басшысы:

- Тұқылы сөндірілмей тасталған темекіден өртеніп жатыр. Ешкім қасақана өртеп жатқан жоқ. Екіншіден, балалар ойнайды. Жағып немесе питарда лақтыруы мүмкін. Сондықтан, ата-аналар көңіл бөлуі керек. Балалар зиян шегуі мүмкін.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: